Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаменті

«Алматы энергетика және байланыс университетінің» КеАҚ білім алушыларының академиялық ұтқырлығын жүзеге асыру

    Академиялық ұтқырлық - бұл білім алушылардың немесе оқытушылар-зерттеушілердің белгілі бір академиялық кезеңге (оқу немесе өндірістік практикадан өтуді қосқанда) әдетте, 1 семестрге немесе оқу жылына, өз оқу орнында кредиттер түрінде меңгерілген білім беру бағдарламаларын белгіленген тәртіпте міндетті түрде қайта есепке алу арқылы басқа жоғарғы оқу орнына (ел ішіндегі немесе шетелдегі) ауысуы.
  1. Сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық университет студенттерінің шетелдік жоғарғы оқу орындарында, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың шетелдік білім беру немесе ғылыми мекемелерде оқуы деп түсіндіріледі.
  2. Ішкі (ұлттық) академиялық ұтқырлық студенттердің, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың Қазақстанның білім беру немесе ғылыми мекемелерінде оқуы деп түсіндіріледі.

Оқуға жіберу «АЭжБУ» КеАҚ академиялық ұтқырлық туралы ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Академиялық ұтқырлықты жүзеге асырудың негізгі мерзімі семестр немесе бір модульді оқу кезеңі болып табылады. Студенттер оқу жылы бойы не жазғы (қысқы) семестрде оқи алады.

    Академиялық ұтқырлық аясында шетелге оқуға жіберуге студенттерді іріктеу критерийлері:
  • жоғарғы академиялық үлгерім
  • қабылдаушы жоғарғы оқу орнының тілін немесе ағылшын тілін жоғары деңгейде білу
  • оқу бағдарламасының қабылдаушы жоғарғы оқу орнының бағдарламасымен сәйкес келуі
  • қабылдаушы жоғарғы оқу орнының келісімі.
    Академиялық ұтқырлық бағдарламасы келесілердің есебінен қаржыландырылуы мүмкін:
  • ұлттық жобалар шеңберіндегі бюджеттік қаражат есебінен
  • университеттің бюджеттен тыс қаражаты есебінен
  • қабылдаушы тараптың қаражаты есебінен
  • Erasmus+, British Consul, ШЫҰУ халықаралық ұйымдарының гранттары
  • академиялық ұтқырлыққа қатысушылардың жеке қаражаттары есебінен.
    Шығындар нормасына сәйкес бюджеттік қаражат келесі шығындарды өтейді:
  • екі жаққа әуебилеттерін сатып алу
  • виза рәсімдеу
  • медициналық сақтандыруды рәсімдеу
  • тұру төлемі.

Академиялық кезең – білім беру ұйымдары мен өз бетінше белгіленген теориялық оқу кезеңі, 3 нысанының біреуі: семестр, триместр, тоқсан.
Трансферт (аудару) және кредиттерді жинақтаудың Европалық жүйесі (ECTS) – оқу орны мен елін, білім беру траекториясын өзгерткенде білім алушылардың оқу пәндерін салыстыру және қайта есептеу көмегімен білім беру бағдарламаларының компоненттеріне (пәндер, курстар, модульдер) сынақ бірліктерін (кредиттер) беру тәсілі.
Жеке оқу жоспары (ЖОЖ) – үлгілік оқу жоспары мен элективті пәндер каталогы негізінде әрбір оқу жылына эдвайзерлердің көмегімен білім алушының өз бетінше жасалатын оқу жоспары.
Кредит – білім алушының оқу жұмысының көлемін өлшейтін сәйкестендірілген бірлік.
Үлгілік оқу жоспары – білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасының оқу пәндерінің тізімін және көлемін, оларды оқу тәртібі мен бақылау нысанын реттейтін құжат.
Транскрипт – кредиттері мен бағалары әріптік және сандық белгілер бойынша көрсетілген тиісті оқу кезеңінде игерілген пәндер тізбесі бар құжат. Ішкі академиялық ұтқырлық бойынша оқитындарға қазақ және орыс тілдерінде, ал сыртқы академиялық ұтқырлық бойынша оқитындарға ағылшын тілінде толтырылады.
Эдвайзер – оқу кезеңінде білім бағдарламасын меңгеруде және оқу траекториясын таңдау кезінде (ЖОЖ қалыптастыру) көмек көрсететін, тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгерінің қызметін атқаратын оқытушы.
Элективті пәндер – белгіленген кредиттер шеңберінде және білім беру ұйымдары енгізген таңдау компоненттеріне кіретін, білім алушының жеке дайындығын көрсететін, әлеуметтік–экономикалық және нақты өңір қажеттілігінің ерекшелігін ескеретін, жоғарғы оқу орындарында ғылыми мектептерді құрастыратын оқу пәндері.

Кiрiс ұтқырлық, пікірлер

2016 жылдың қаңтарында мен Алматы энергетика және байланыс университетінде (Almaty University of Power Engineering and Telecommunications) білім алуға аттандым.

Университет сұлулығын сөзбен айтып жеткізуге келмейтін Іле Алатауының бөктеріндегі тамаша, жылы және күн шуақты Алматы қаласында орналасқан.

АЭжБУ-дағы оқу үрдісі Ресейдегі білім беруден біраз өзгеше. Маған, әсіресе, зертханалық сабақтарға қатысу өте қызықты болды. Өзіміздің университетте біз жұмыс жасап үйренген заманауи және жетілдірілген құрал-жабдықтармен қатар мен ескірген, «бағдарламаланбаған» технологиялармен айналысу арқылы барлық жаңа құралдардың негізін әлдеқайда жеңіл игердім.

Апенова Айгүл Сағалбайқызы секілді тамаша жандар бастаған Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаменті маған қажет жағдайларда туындаған сұрақтарыма жауап беріп, ақыл-кеңес беру арқылы көп көмектесті. Бұл үшін оларға жеке үлкен “Рахмет!”.

Негізгі өзгешеліктерді мен семинарлар мен зертханалық жұмыстар барысында байқадым, мұнда біз пәндерді кішігірім топтарға бөлініп оқыдық. Дәл осылай білім алу тиімдірек: оқытушы аздаған студентпен жұмыс жасайды, барлығын толық түсіндіреді, тіпті қолдан келмеген жерінде көмектеседі.

Сонымен қатар, студент пәннің бүкіл курсына көлемді тапсырма алып, оны шетінен орындап отырады. Осылайша, біз 3 түрлі тапсырма, не болмаса 3 бөлікке бөлінген көлемді бір жұмыс орындап отырдық. Ол «Есептемелі-графиктік жұмыс» деп аталады. Сонымен қатар, біз әр пән бойынша семестрда 2 рет өткен тақырыптар бойынша кішігірім емтихан - «Аралық бақылау» тапсырып отырдық. Менің ойымша, мұндай жүйе өте ыңғайлы: жасаған жұмыстарыңды тез тапсырып отырасың және оқу-ұйымдастырушылық мәселелерді тікелей оқытушымен талқылауға мүмкіндік береді, студенттердің тапсырманы орындау барысында ұжымдық жұмыс жасауы қамтамасыз етіледі. Оған қоса, аралық бақылауларды тапсырып отыру арқылы өткен тақырыптарды үнемі қайталап отырасың, ұмытпайсың. Оқытушылар өз курсының парақшасында құрылымдық нысанда оқу материалдарын жариялап отырады, тапсырмаларға өз түсініктемелерін береді, тапсырылған жұмыстарды бағалайды.

Апта сайын университетте және қалада әртүрлі студенттер ұйымдастырған іс-шаралар өткізіледі: спорттық, ойын-сауықтық, танымдық іс-шаралар және бағдарламалық сайыстар өткізіліп тұрады.

Кампус бірнеше ғимараттан құралған, барлығы қажетті техникамен қамтылған. Университет Байтұрсынұлы атындағы орталық көшелердің бірінде орналасқан. Бұл жерде мен ғашық болған асқар таулар керемет көрініс береді.

Университетте бірнеше жатақхана бар, олардың барлығы біз оқыған ғимараттарға өте жақын орналасқан. Мен магистранттарға арналған жатақханада жаттым, екі бөлмелі блок 3-4 адамға арналған. Өте таза және ыңғайлы.

Қазақстанда білім алудың негізгі тартымдылығы жүру, өмір сүру және тамақтанудың бағасында шығар. Асханаларда тағам порциялары өте көп. Қазақтар етті жақсы көреді, сол себепті ұлттық ас мәзірі толығымен қамыр және түрлі ет өтімдерінен тұрады. Әсіресе мен мұнда бірінші рет жеп көрген қой етінен, сиыр және жылқы етінен тағамдар мол. Сонымен қоса мен тағы бір нәрсені түсіндім: «Қазақтар кез-келген түсініксіз жағдайда шай ішеді».

Алматы – Қазақстанның оңтүстік астанасы, жарты миллионнан астам тұрғыны бар Республиканың экономикалық және мәдени орталығы. Қарлы Іле Алатауының жарты шеңберімен қоршалған қаланың қайталанбас бейнесі өте тартымды. Альпілік көгалдар, Тянь-шаньдық шыршалар мен бақшалар оны ажарландыра түседі. Көктөбе биігінен бүкіл қала көрінеді: жасыл, айқын бөлінген аймақтар, қанық көк аспанға талпынған биік ғимараттар. Алматы - бақша қала. Көктемде барлығы гүлденген шақта Алматы ерекше құлпырады. Қаланың қысы қандай тамаша: қысқа, бірақ аязды да қарлы.

Қазақстанның оңтүстік астанасы кең пейілді және қонақжай. Маған әрқашанда көмектесуге әзір тұратын қонақжай халқы қатты ұнады.

Бұл саяхат маған көп нәрсені үйретті. Мен өмірімде алғаш рет тауларды көрдім. Оларға қатты ғашық болғаным соншалық, шыңдар мен биіктіктерді бағындыруды жалғастырсам деймін. Тамаша жандармен таныстым, көп достар таптым. Олармен достығымыз үзілмесе екен деймін. Мүлде басқаша, қызықты әлем көрдім, көптеген тың нәрселер білдім.

Меніңше, бұл әлемдегі әрбір адам бұл елде болып қайтуы керек.

Ал өзім мұндай мүмкіндік үшін өз университетіме де Алматы энергетика және байланыс университетіне де зор алғысымды білдіремін.

Шығыс ұтқырлық Белосток Техникалық Университет

Белосток. Басты Алаң.

Cześć! Біз Алматы энергетика және байланыс университетінің магистранттары – Ләтіп Айғаным және Бердіқұлова Айкен! Бізге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Белосток техникалық университетіне (Польша) оқуға баруға керемет мүмкіндік туды. Белосток техникалық университеті – солтүстік-шығыс Польшаның 65 жылдық тарихы бар үлкен техникалық оқу орны. Оның 7 факультеті, 12 мыңға жуық студенті, 600 ден аса академиялық оқытушылары бар.

Электротехника факультетi

Университет Польшаның солтүстік-шығысындағы ең үлкен әсем қала - Белостокта орналасқан. Белосток Польшаның жасыл тынысы деп аталатын Солтүстік-Подляск ойпатында орналасқан. Бұл қаланың ауасы шынымен таза, халқының көбі велосипедпен жүреді, саябақтар көп. Айналасын қоршаған орман. Климаты ылғалды континентальды, сол себепті жаңбыр жиі жауады, ызғар мейлінше қатты білінеді.

Университет білім алуға қажетті құрал-саймандармен толық қамтылған, барлық факультеттерде тегін Wi-Fi бар, барлық оқытушылар ағылшын тілін еркін меңгерген және оқу материалдарын әр шетелдік студентке түсінікті қарапайым тілде жеткізеді. Біздің сабақтар жатақханаға жақын орналасқан Электротехника, Механика және Информатика факультеттерінде өтеді. Университет аумағында үлкен кітапхана ғимараты бар, онда әртүрлі тілдерді игеруге арналған курстар бар, оған қоса бос кезде спорт орталығында жаттығуға болады. Университетке Erasmus бағдарламасы шеңберінде АҚШ, Португалия, Франция, Индия, Қытай, Норвегия, Африка елдерінен келген студенттермен танысуға болады.

Польша Шенген зонасы елдерінің қатарына жатады, сол себепті демалыс күндері Европаның басқа да елдеріне, Польшаның басқа да сарайлар мен мұражайларға толы Варшава, Краков секілді үлкен қалаларына барып қайтуға болады. Демалыс күндері біз Краков қаласына серуенге барып, Қазақстаннан білім алуға келген өзге студенттермен таныстық. Қала бізге қатты ұнады, оны расында мұражайлар қаласы деп атауға болады. Краковта біз көптеген көрікті жерлерімен қатар, атақты Поляк астрономы - Николай Коперник оқыған университет - Вавель сарайын араладық.

Студенты из Казахстана, обучающиеся в Польше. Встреча на экскурсии в Кракове.

Ангел Кынчев aтындағы Русен Университет

Ангел Кынчев атындағы Русе университетіне (Болгария, Русе қаласы) академиялық ұтқырлық шеңберінде білім алуға университетімізде алғаш ұйымдастырылған байқау туралы білгеннен кейін бұл тізімге көп студенттердің ілінгісі келді. Нәтижесінде байқау негізінде электрэнергетика, автоматтандыру және басқару, аспап жасау және ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мамандықтарынан 9 бакалавр және магистрант іріктеліп алынды.

Ангел Кынчев атындағы Русе университеті Болгарияның алдыңғы қатарлы көпсалалы оқу орны болып табылады. Университет қарамағында 8 факультет, 28 оқу ғимараты, 6 жатақхана, 404 оқытушы және 10 000 студент бар. Барлық аудиториялар, зертханалар мен компьютерлік кластар электроника, ақпараттық және энергетика салаларының жоғарғы деңгейдегі технологияларға сәйкес жабдықталған. Университет бітірушілері Европалық үлгідегі диплом алады.

Біздің ұшағымыз теңіз жағалауындағы Бургас қаласына қонды. Бізді университеттің жылы шырайлы өкілдері қарсы алып, Русе қаласына жеткізді. Руседе біздің топты студенттер қалашығындағы жатақханаға орналастырды. Қабылдаушы университет өкілдері бізді жаңа қала мен осындағы білім жүйесіне бейімделуге барынша көмектесті.

Русе қаласы бәріміздің көңілімізден шықты: Дунай өзенінің жағасында орналасқан, керемет сәулетті, «кіші Вена» деп аталатын бұл қала ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Оған қоса бізге ашық-жарқын, әрдайым көмектесуге даяр жергілікті тұрғындар мен шетелден (Испания, Италия, Греция, Таиланд және Польша) келген студенттер қатты ұнады.

Біздің университеттің барлық студенттері жеке бағдарламамен оқыды. Білім алу ағылшын тілінде жүргізілді. Университеттің оқытушылары бізге тиісті білім беру үшін барлығын жасағанын атап өту қажет. Біз SIEMENS, NATIONAL INSTRUMENTS сияқты ғылыми конференциялар мен көрмелерге, Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаменті ұйымдастырған шараларға белсене қатыстық.

Оқудан тыс кездерде біздің топқа Болгарияның көрікті мекендерін тамашалап қайтуға мүмкіндіктер болды. Қара теңіздің жағасында орналасқан күн сәулелі Варна қаласына, тарихи Велико-Тырново қаласына және астанасы София қаласын аралап қайттық. Әсері мол болды, себебі Болгарияның әр бұрышы ерекше сұлулығымен танымал.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алу бізге үлкен өмірлік тәжірибе болды. Болгарияда біз кәсіби саладағы білімімізді заманауи технологияларды қолдана отырып, тереңдеттік. Сонымен қоса, біз осы кезеңде ағылшын тілін игеру деңгейімізді айтарлықтай жоғарылаттық. Жалпы алғанда, европалық стандарттар бойынша білім алу бізге болашағымызға зор үлес қосатын білім мен дағдылар берді.