Energo University-да өткен студенттер конференциясы

Energo University-да өткен студенттер конференциясы

23.04.2024 Барлық жаңалықтар


  18 сәуірінде Energo University-да (Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде) тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен «Студент және ХХI ғасырдағы ғылым мен техниканың дамуы» атты студенттердің ғылыми конференциясы өткізілді. Пленарлық мәжілісті тілдер кафедрасының меңгерушісі, доцент М.М. Тулеуп құттықтау сөзімен ашып, жыл сайын өткізілетін университетішілік студенттер конференциясының мақсаты – студенттердің ғылыми мәдениетін тәрбиелеу, олардың бойында ғылыми қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру  екенін атап өтті.

Пленарлық мәжілістен кейін конференция төрт секция (қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдері) бойынша жұмысын жалғастырды, секциялардың жұмысында қауымдастырылған профессор-оқытушылар Р.А. Досмаханова, А.У. Жусупова және аға оқытушы Г.С. Алмухаметова модератор болды. Барлығы 33 баяндама тыңдалды. Студенттер жалпы эрудицияны, жоғары зияткерлік деңгейді және ғылыми тақырып бойынша көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар баяндама тақырыбы бойынша слайдтарды таныстыра отырып, өздерінің цифрлық сауаттылығын да көрсете білді. Студент жастардың заманауи ғылыми-техникалық сын-тегеуріндерге деген қызығушылығы, сондай-ақ олардың ғылым мен техника саласында қажетті жаңа ақпаратты табуға талпынуы, сыни ойлау және сұхбаттасу қабілеті қуантты. Сондай-ақ, тыңдаушыларды заманауи техниканың жетістіктері туралы қызықты ақпараттарымен баурап алған студенттер  топ ішінен дараланып көзге түсті.

Конференцияның барлық қатысушыларына сертификаттар табысталды. Кафедраның ПО құрамынан құрылған конкурстық комиссия барлық баяндамаларға ғылыми тұрғыда талдау жасап, ең үздік жұмыстарды анықтады. Нәтижесінде «Ең үздік баяндама», «Үздік таныстырылым» және «Шығармашылық шеберлік» номинациялары бойынша алғыс хаттар және университет логотипі бейнеленген сыйлықтар табысталды.

 Қазақ тілі секциясы бойынша «Үздік таныстырылым» номинациясын АКИ-23 тобының студенті Тұрсынбай Ұлжан, «Шығармашылық шеберлік» номинациясын КТТ-20-1 тобының студенті Бегалиева Венера, «Ең үздік баяндама» номинациясын СИБ-23 тобының студенті Бекмурзаева Нияра иеленді.

Орыс тілі секциясы бойынша «Ең үздік баяндама» номинациясына БЖДк-23 тобының студенті Сыздыков Елең, «Үздік таныстырылым» номинациясына ТВЭк-23 тобының студенті Ташкенбай Аруна, «Шығармашылық шеберлік» номинациясына АУк-23 тобының студенті Аманжол Бақтияр ие болды.

Ағылшын тілі секциясы бойынша «Ең үздік баяндама» номинациясын ЭАЭМ-23 тобының студенті Сатканов Азамат, «Үздік таныстырылым» номинациясын Ауғанстаннан келген ВТа-23 тобының студенті Хомайра Юсуфи, «Шығармашылық шеберлік» номинациясын Ауғанстаннан келген ВТа-23 тобының студенті Хекматулла Суха иеленді.

Неміс тілі бойынша «Ең үздік баяндама» номинациясына СИ-22-4 тобының студенті Уалиев Азамат, «Үздік таныстырылым» номинациясына СИк-22-1 тобының студенті  Қаржаубай Райымбек, «Шығармашылық шеберлік» номинациясына СИ-22-4 тобының студенті Бибанова Аружан ие болды.   

Бұл конференцияның мақсаты қатысушы студенттер арасынан тек үздіктерді анықтау ғана емес, жалпы ғылыми-зерттеу қызметінің өзектілігін көрсете отырып, студент жастарды ғылыми жұмыстар мен зияткерлік шараларға барынша жұмылдыру. Біз студенттерімізге білім, ғылым жолында талмай ізденіп, биік белестерді бағындыратынына сенім білдіріп, зор үміт артамыз!