«Самұрық-Энерго» АҚ республикалық олимпиадасы

АЭжБУ-де болашақ энергетиктер – мектеп оқушылары марапатталды

Алматы энергетика және байланыс университетінде Болашақ энергетиктер арасында физика-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын АЭжБУ «Самұрық-Энерго» АҚ қолдауымен Болашақ энергетиктер арасында физика-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиада өткізеді.

Биылғы жылы физика-математика пәндері бойынша олимпиадаға Алматы, Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен басқа да өңірлерден 120 оқушы қатысты. Олимпиаданың барлық қатысушыларын компания өкілі – «Самұрық Энерго» АҚ департаментінің бас менеджері Лаурия Әмірова құттықтады.
– Бүгін жеңіске жетпегендеріңіз, қапа болмаңыздар. Әрдайым күштеріңізді байқап көріңіздер. Мен өзім университетке бірінші мүмкіндіктен түспедім. Барлығы Сіздердің қолдарыңызда – деді Л. Амирова.
Естеріңізге сала кетейік, олимпиада 25 сәуір күні АЭжБУ ғимаратында өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің дипломдарын, сондай-ақ бағалы сыйлықтарды салтанатты түрде АЭжБУ білім беру бағдарламаларын дамыту жөніндегі менеджері Шыңғыс Сарсетаев пен «Самұрық Энерго» АҚ өкілі Лаурия Амирова табыс етті. Бас жүлде – «Электр энергетикасы» және «Жылу энергетикасы» мамандықтары бойынша бакалавриатта тегін білім алу грантын республикалық физика – математика мектебінің 11-сынып оқушысы Нұржігіт Төленди иеленді. Екінші орынды Алматы қаласы №56 гимназияның оқушысы Никита Иванчук иеленді. Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Даниил Васильев үшінші орынға ие болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы бейіндік мектептің оқушысы Қадыр Сәрсенбек төртінші болды. Қалған оқушылар олимпиадаға қатысқаны туралы сертификаттар алды. «Самұрық-Энерго» АҚ өкілі Лаурия Амирова барлық қатысушыларға сәттілік пен әрқашан өз мақсатына жетуді тіледі.
– Сіздердің алдарыңызда барлық жолдар ашық. Егер энергетика саласында жұмыс істеуді мақсат етсеңіз, онда Сіз міндетті түрде оған қол жеткізесіз. Ең бастысы-белгіленген жолдан бұрылмау. Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызға Сіздердің белсенді қатысқандарыңыз үшін рақмет! – деп «Самұрық Энерго» АҚ өкілі Л. Амирова алғысын білдірді.